Телеарна туралы

 

1964 жылы 26 қыркүйекте Батыс Қазақстан облыстық телестудиясының тұңғыш хабары эфирге шықты. 1964 жылы 15 тамызда Орал телеарнасының тұсауы кесілмес бұрын облыстық телевизия және радио хабары комитеті құрылып, алғашқы төрағасы болып Наурызғали Сыдықұлы Сыдықов бекітілді. Бүгінде қаладағы көшелердің біріне Н.Сыдықовтың есімі берілді. 

1980 жылы Орал телестудиясы түрлі-түсті пленкаларды қолдануға көшті.
 
1989 жылдан бері бейнетаспамен жұмыс істеуде.
 
2003 жылдан бастап облыстық телевизия хабарлары толықтай цифрлы форматта.
 Әр жылдары ұжымның тізгінін ұстаған Молдағали Рысқалиев, Ғарифолла Көшенов, Махамбет Машекенов, Мнир Сүлейманов, Шавхат Өтемісов (қазір ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты) облыстық студияның дамуында қолтаңбасын қалдырды. «Қазақстан-Орал» телеарнасының қазіргі ізденістері мен табыстары Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің түлегі, еңбек жолын осы студияда редакторлықтан бастаған Асыланбек Ғұбашевпен тікелей байланысты.
 
Телеарнаның аға буын қызметкерлері ретінде А.Вдовин, А.Иночкин, Е.Қасенов, С.Ғұмаров, Л.Архипов, М.Нұғманова, С.Ғазизов, Ю.Юмашева, Н.Чесноков, Ғ.Тұрғаналиев, А.Дош, Ж.Габдуллина, А.Агелеуова, Л.Глазова, Р.Кабашева, Т.Гилманова, Г.Корчагина А.Қарасаева, А.Садомсков, К.Чукеев, С.Власов, В.Иванов, Е.Чернов, И.Чеботарева, Т.Яценко, Л.Словцов, В.Ситник, З.Ляпина, Е.Киняхина, Л.Власова, В.Наугольнов, С.Квятковский, Р.Алексеева, В.Рассолов есімдері алдымен аталады.
 
Алғашқыда эфир уақытының ұзақтығы 3-4 сағат болды. Хабарлар мен жаңалықтарды беруде фотосуреттер пайдаланылды. Кейін кинокамералар алынып, фотосуреттерді ақ-қара түсті кинопленкалар ығыстыра бастады. Облыстық арна ашылған тұста одақтық және республикалық телевизияның қызметі әлі облыс орталығына жете қоймағандықтан оралдық көрермендер жергілікті хабарларды жіті қадағалайтын.
 
Облысқа іссапармен келген еліміздің танымал өнер адамдары мен ақын-жазушылары да студияға ат басын бұрды. Жергілікті көрермендер КСРО Халық әртістері Б.Төлегеновамен, Х.Бөкеевамен, Е.Серкебаевпен және басқа да әйгілі өнер жұлдыздары мен Ж.Молдағалиев, С.Сейітов секілді белгілі ақындармен дидарласқан-тын. Арнаның шығармашылық ұжымы жұмыстарын одақтық және республикалық эфирден де көрсетуге тырысты. КСРО кезінде Орал студиясы дайындаған бағдарлама екі рет Мәскеуден, бірнеше рет Алматыдан берілді.
 
Облыстық теледидар ұжымы 60-70 жылдары Кеңес Одағының Батырлары М.Мәметова, С.Есқалиев, Е.Орақбаев пен тың және тыңайған жерлерді игеруге атсалысқандар туралы онға тарта деректі фильм түсірді. Сапуатолла Ғазизов Кеңес Одағының Батыры, Жаңақала ауданындағы «Красногор» жылқы зауытын басқарған Есен Орақбаев туралы «Директор», осы ауданның мал азығын дайындаушылар туралы «Сәуле», тракторшы қыздар бригадасының жұмысы туралы «Аққу қыздар» деректі фильмдерін дайындады.
 
Облыстық студияның тақырыптық хабарлар редакциясы, әдебиет пен өнер, мәдениет мәселелерін қамтитын хабарлар да дайындады. Қоныс Миханов «Жайық толқыны» тележурналының, Мұқадес Есламғалиев «Жұлдыз» телеальманағының авторы болды. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары жастарға арналған «Уақыт және біз», «Жұмысшы ізбасарлары» атты хабарлар дайындалды.
 
1986 жылы  Южно-Сахалинск қаласынан әкелінген ПТВС арқылы «Серпін» бағдарламасы әзірленді. Телевизиялық станциясының алғашқы хабары облыс орталығынан 150 километр қашықтықтағы Жымпиты (қазіргі – Сырым) ауданының орталығынан дайындалды. Техника жетістігін пайдаланып, студиядан шалғай жатқан ауданнан хабар әзірлеу ұжыммен қатар көрермен үшін де елеулі оқиға болды.
 
Орал телеарнасында өнер мен мәдениетті насихаттауда, оның проблемаларын көрсетіп шешуде Ботакөз Баймұқанова елеулі үлес қосты. 1980-1990 жылдары ол дайындаған «Халық таланттары», «Терме», «Әнқұмарлар» клубы, «Дидар» циклдарының хабарлары осы міндеттерден көріне білді. Кейін Б.Баймұқанованың жастар тәрбиесі мен ұрпақтар түсіністігіне және отбасы бірлігіне арналған ұлттық «Ақ отау», «Қыз Жібек», «Айқаракөз» хабарлары көрермендердің жылы лебізіне бөленді. 1990 жылдардың басында кешкі уақытта берілген «Ақшам», тікелей эфирде жүрген «Обратная связь» хабарларының көрсеткіші жоғары болды.
 
Бүгінде «Қазақстан-Орал» телеарнасы тәулігіне 14 сағат, аптасына 98 сағат ақпарат таратады. Аптадағы хабарлардың 21 сағатын республикалық, 5 сағатын облыстық мемлекеттік тапсырыс құрайды. Арна бойынша тәулік сайын эфирге беріліп отырған төл хабарлардың 4 сағаты – жаңа бағдарламалар. Оның 60 пайызы - қазақ тілінде.
 
«Ел алдында», «Время вашего вопроса» бағдарламалары көрермендер арасында зор беделге ие. Сондай-ақ, рейтингі жоғары хабарлар ішінде «Бәрекелді», «Арнайы репортаж», «Другой Уральск», «Женские секреты» бағдарламалары бар.
 
1989 жылдан бастап Орал телестудиясы түрлі-түсті бейнетаспамен жұмыс жасауды қолға алды.
 
2003 жылы облыстық телевизия толықтай сантаңбалық форматқа көшірілді. «Қазақстан-Орал» телеарнасы осы заманғы сантаңбалық санаттағы бейне-дыбыс жазу, монтаждау құралдарымен толық жабдықталды. 2003 жылдан бастап «Қазақстан - Орал» телеарнасының бағдарламалары «Кателко» ғарыштық жүйесі арқылы облысқа тарай бастады.
 
2007 жылдың 1 сәуірінде облыстық радио хабарлар ғарыш арқылы таралды. Бүгінгі таңда облыстың 98 пайызы «Қазақстан» ұлттық арнасының жиілігінде тарайтын облыстық телехабарларды көріп келеді. 28-ші дециметрлік «Қазақстан-Орал» телеарнасының хабар тарату кезіндегі елдімекендерді қамту аймағы 50-60 шақырым радиус шамасында.
 
2010 жылдың 9 қыркүйегінен бастап, барлық аудан орталықтары мен ірі елді мекендер «Қазақстан-Орал» телеарнасының 14 сағаттық бағдарламаларын көре бастады.
 
2011 жылдың тамыз айында Сinegy автоматтандырылған сандық телевизиялық жүйесі енгізілді. Сinegy сандық жүйесінін телевизиялық өнімін эфирге шығынсыз беру үшін AG-HMX100 бейнемикшерін орнатылды. Телевизиялық сигнал SDI SD форматында аналогқа аудармысыз эфирге тікелей беріледі.
 
2012 жылы желтоқсан айында «Кателко» спутниктік станциясы мен эфир студиясы арасына волоконды оптикалық линиясы жүргізілді. Бұл 16 талшықты желіден тұрады. Қазіргі кезеңде 2 желісі пайдалануда. Қалған желілерді болашақта эфир жүйесін HD сапасына жеткізуге пайдалану жоспарда. Қазіргі кезеңде эфир сигналы еш шығынсыз «Кателко» жүйесіне беріледі.
 

2012 жылы 21 желтоқсанда  Аппаратты студиялық кешенінің құрлысы аяқталып, пайдалануға берілді. Ғимараттың жалпы ауданы 1664,26 шаршы метр, пайдалы ауданы 1217,43 шаршы метр, құрылыс көлемі 7147 куб метр. Хабарлар түсіру студиясының ауданы 200 шаршы метр. Студияға қосымша бірінші қабатында жарық беру қондырғылары 19,86 шаршы метр және камералық қондырғыларға арналған 23,21 шаршы метрлік бөлмелер, екінші қабатында режиссерлік 36,3 шаршы метр және аппаратты қондырғылар 37,1 шаршы метр бөлмелері бар.

2013 жыл Бұл жылы «Мәңгілік ел», «Сыр толғау» «Замансөз» сияқты бірегей хабарлар көрерменге жол тартты. Қоғамның түйткілді мәселелерін талқыға салып, көпшіліктің көңіліндегісін дөп басуды мақсат тұтқан «Замансөз» хабары көзі қарақты көрерменнің сүйікті бағдарламасына айналып үлгерді.

«Мәңгілік ел» бағдарламасында өлкеміздің және еліміздің тарихи тұлғалары мен ел өмірінен маңызды орын алатын тарихи оқиғалар, сонымен қатар ұлтымыздың ата дәстүрі, ауыз-жазба әдебиеті мен өзге де құндылықтары сөз болды.

2014 жыл Телеарна қызметкері, ақын, жазушы Мұнайдар Балмолданың шығармашылық кеші өтті.

Инновациялық индустрияландыру тренді: жаңа сапалық деңгей атты телекөпірде өңірдің өндіріс әлеуетінің дамуы, облыстың өнеркәсіп өндірісінің республикадағы үлесі және еңбек өнімділігінің өсу қарқыны баяндалды.      

«Қазақстан-Орал» телеарнасының базасында батыс аймақтары филиалдарының журналистері бас қосты. Телевизия майталмандары жас мамандарға дәріс оқыды.                                                                

Қыркүйектің 26 –сы облыстық телевизияның хабар таратқанына 50 жыл толды. Жаңалықтың жаршысы атанған телеарнаның ресми мерейтойы түрлі шаралармен өрнектелді. Мерекелік шаралар аясында «Ақ Жайықтың айнасы» атты кітаптың тұсауы кесілді. 4 бөлімнен тұратын кітапты құрастырушы –сала ардагері Баян Мұхамбетәлиев.  50жылдық тарихты бір кітапқа сыйғызған дүиені жасау үшін арна қызметкерлері мұрағат материалдарын жинақтаған. «Ақ Жайықтың айнасы» кітабында бұрынғылар мен кейінгілерге сөз берілген.                   

Мерейтой қарсаңында телестудия жанынан музей ашылды. Мұнда телевидение мен радионың тұтас қалыптасуы, дамуы шебер өрілген. Телевизия тарихындағы алғашқы құралдардан бастап кейінгі жарқын жетістіктер музей жәдігері ретінде жинақталған.                                

Осы күні телеарна ұжымының тағы бір туындысы көрерменге жол тартты. 20 минуттық «Жаяу әскер» фильмі арнаның 50 жылдық және Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған. Фильм режиссері- Сандуғаш Әубекерова, авторы –Мұнайдар Балмолда. Қысқа метражды «Жаяу әскер» фильмінде адамгершілік пен тектіліктің мәні, ұрпақтар сабақтастығы ұлықталады.

Облыстық телеарнаның құрылып, дамуы жолында тер төккен ардагерлерге мерекелік төс белгі табыс етілді.

Көгілдір экран майталмандары мен арнада қазірге дейін табан аудармай қызмет етіп келе жатқан қызметкерлер облыс әкімінің алғыс хатына ие болды.                                                                                        

Еңбек ардагері Николай Баймұқашев пен арнаның бас редакторы Гүлмира Тілеубаеваға  «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісі табыс етілді.

Әріден беріге өтіп, күні бүгінге дейін иықтасып журналистік қызметтің ыстық-суығын өткерген арнаның беткеұстары Клара Мұсақызы мен  Әуес Жалғасқызына қалалық мәслихат тарапынан еңбектері бағаланып, алғыс хат табыс етілді.

Жетістіктер:

1998 жыл
 
«Еще раз про любовь» деректі фильмі. Деректі фильмнің негізгі желісіне Батыс Қазақстан облысы, Тасқала ауданы, Кузнецов ауылында тұрған қазақ баласы мен орыс қызының арасындағы махаббат тағдыры алынады. «От дома к дому, от сердца к сердцу» байқауында жүлдеге ие болған «Еще раз про любовь» деректі фильмі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің сыйлығы берілді.
 
2004 жыл
 
Гүлмира Тілеубаеваның «Жымпитылық немістер» фильмі жоғары бағаланып, Ұлттық арнадан көрсетіліп, аймақтық айналым қорына ұсынылды. Аталмыш фильм облыстық тілдерді дамыту басқармасы жариялаған байқауда бас жүлдені жеңіп алды.
 
2006 жыл
 
«Қуыр, қуыр, қуырмаш» телебағдарламасы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру» мақсатында баспасөз күніне орай ұйымдастырылған «Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары» атты республикалық конкурстың «Үздік телехабар» аталымы бойынша бас жүлдені жеңіп алды.
 
2008 жыл
 
«Жалпақталдық жасырын жастар ұйымы» телевизиялық фильмі «Қазақстан» теледидарының 50 жылдығына орай, үздік телебағдарламалар байқауының жеңімпазы атанды. Фильмде 37 мен 41-дің қаралы жылдарында қазақ зиялыларының қуғын-сүргінге ұшырауына жол бермеу бағытында құрылған жасырын жастар ұйымы туралы баяндалады. «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» атты ұйым құрған өрімдей 14 жастың ұлы мақсаттағы істері араларына сенімге ие болып кірген сатқынның кесірінен бір түнде әшкере болды. Алды ату жазасына, соңы 5 жылға сотталып, айдауда болды. Бүгінде осынау асыл жандардың ұрпақтары қылышынан қан тамған кеңес дәуіріндегі олардың қайсарлығы мен табандылығын үлкен мәртебемен еске алады.
 
2009 жыл
 
ХІ халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалі аясында өткізілген БАҚ байқауында журналистика аталымы бойынша арнаның «Нысана» телехабарының жүргізушісі Ақсәуле Байменшина осы жобамен лауреат атанды.
 
«Қағаз ұшақ» көркем фильмі - «Қазақстан-Орал» телеарнасы қолға алған тұңғыш көркем фильм. Фильм негізінен балалар мен жасөспірімдерге арналған. Өркен атты жетім әрі мүгедек бала нағашы апасы Мақпалдың тәрбиесінде болады. Оқиға осы екі кейіпкер арқылы өрбиді. Фильм адамдарды жақсылыққа шақырып, ізгілікке үндейді.
 Фильмнің авторы, көркемдік жетекшісі: Мұнайдар Балмолда;
 Режиссері: Жігер Мұрзалиев;
 Композиторы: Жаскелең Ғайсағалиев;
 
«Большая перемена» жасөспірімдерге арналған бағдарламаны «Қазақстан-Орал» телеарнасы ұжымының жетекшілігімен мектеп оқушылары өздері дайындап, құрбы-құрдастарының тыныс–тіршілігі туралы баяндайды. Хабар «Новости», «Двое в позитиве», «25-й кадр» атты үш айдардан тұрады. Бағдарлама Астана қаласында «Под счастливой звездой» атты 5-ші халықаралық медиафестивальде бас жүлдені жеңіп алды.
 Жоба жетекшісі: А.Жәмпейісова;
 
2002-2009 жылдар
 
 «Қазақстан-Орал» телеарнасы осы жылдары «Батыс Қазақстанның телегалереясы» жобасын жүзеге асырды. Жоба шеңберінде өңірдің танымал тұлғалары мен төл перзенттері туралы деректі фильмдер циклі түсірілді. Олар:
 - «Шығыс шолпаны» (2002) Кеңес Одағының батыры М.Мәметова туралы;
 - «Туған ел перзенті» (2003) Қоғам қайраткері Мұстахим Ықсанов туралы;
 - «Махамбет» (2004) дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлы туралы;
 - «На Дону казак, на Урале казах» (2005) жазушы М.Шолохов туралы;
 - «Айнамкөз» (2006) әнші Сәуле Таудаева туралы,
 - «Даланың дархан дарыны» (2008) жазушы Хамза Есенжанов туралы;
 - «Нартұлға» (2008) ақын Тайыр Жароков туралы;
 - «Неразрывная связь» (2008) облыстық телевизия тарихы туралы;
 - «Ән арман» (2009) әнші, сазгер Мұхит Мерәлі туралы.
 
2010 жыл
 
 «Ердің ері – Елбасы», «Первый» - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың облысқа әр жылдары жасаған сапарында аймақ алдына қойылған тапсырмалардың орындалу барысы туралы фильм.
 
«Ерлік - елге мұра, ұрпаққа - ұран», «Победители» - Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай батысқазақстандықтардың соғыс жылдары көрсеткен ерлігі туралы фильм.
 
 «Тұлға» - Мемлекет және Қоғам қайраткері Н.Ы.Есқалиев туралы фильм.
 
2011 жыл
 
 «Что там, за далью?» - Б.А.Шәкімовтың кітабының Мәскеуде өткен тұсаукесері туралы фильм.
 
 2011 жылы «Қазақстан» РТРК» АҚ аймақтық филиалы Қазақстанның Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай, ұйымдастырған конкурста «Қазақстан-Орал» телеарнасының аға редакторы Гүлмира Тілеубаеваның кеңестік заманда қуғын сүргіннің құрбаны болған қазақтың өр қызы Шахзада Шонанова туралы «Аяздағы ақ шуақ» деректі фильмі бірінші орынды иеленді.
 
Осы конкурс үшін тележурналист Мұнайдар Болмолдиннің XX ғасырдың 30-шы жылдардың басында Батыс Қазақстан облысының Жаңақала жеріндегі ашаршылық туралы «Буыршын мұзға тайған күн» деректі фильмі дайындалып, конкурсқа ұсынылды.
 
 2012 жыл
 
 «Қазақстан» РТРК» АҚ аймақтық филиалдары арасында «Астана күніне» орай өткен Астана туралы ең үздік журналистік жұмыстар байқауында «Ең үздік бейнемонтажшы» аталымында «Қазақстан-Орал» телеарнасының бейнемонтажшысы Гүлзада Жұмаева 1-ші орынды, ал, «Ең үздік телеоператор» аталымы бойынша Тарас Қажымов екінші орынды иеленіп, бағалы сыйлықтарға ие болды.
 
 «Ең үздік сюжет» аталымы бойынша «Қазақстан Орал» телеарнасының журналисі Гүлжан Абайқызы 2-ші орынды жеңіп алды.
 
 Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі ұйымдастырған «Скажем спорту «ДА!» республикалық спорт журналистерінің байқауында «Қазақстан-Орал» телеарнасының журналисі Тұрар Ғабдрашитұлы жүлделі үшінші орынға ие болды.
 
2013 жыл

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін және Қазақстан Республикасының Кеден органдарының күнін мерекелеуге байланысты және кедендік тақырыбындағы материалдарды белсенді жариялағаны үшін «Қазақстан - Орал» телерадиокомпаниясы марапатталды.

«Қазақстан - 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауды кеңінен насихаттау мақсатында аймақтық филиалдар арасында өткізілген  конкурстың қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облыстық филиалының бас режиссері Жігер Құмаров «Қуатты Қазақстан - 2050» телекөпіріндегі үздік режиссерлік жұмысы үшін бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды.    

«Қазақстан - 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауды кеңінен насихаттау мақсатында аймақтық филиалдар арасында өткізілген  конкурстың қорытындысы бойынша бойынша Батыс Қазақстан облыстық филиалының редакторы Клара Қамбетова «Орал» әскери кемесі суға түсірілді» сюжеті үшін бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды.                  

Жастар еңбек жасақтарының 3-ші еңбек маусымында облысымызды көркейту ісіндегі адал әрі нәтижелі еңбегі дараланып, «Үздік тілші - 2013» номинациясын жеңіп алғаны үшін Кенжеғалиев Тұрар Ғабдрашитұлы марапатталды.

Телеарнаның редакторы Клара Мұсақызы «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

2014 жыл    

Тәуелсіздік мерекесіне орай өткізілген «Тәуелсіздік және жастар» атты бейнеролик байқауында жүлделі 1 – орын алғаны үшін арна редакторы Тұрар Ғабдрашитұлы марапатталды.

Телеарна редакторы Гүлден Сапиолла мен оператор Тарас Қажымов Ұлттық ұланы «Батыс»  өңірлік қолбасшысының бұйрығымен «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» кеуде белгісімен марапатталды

Еңбек ардагері Николай Баймұқашев пен арнаның бас редакторы Гүлмира Тілеубаеваға  «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісі табыс етілді.

Телеарна басшысы Асыланбек Ғұбашев «Ерен еңбегі» медалімен марапатталды

2015 жыл    


Ресей Федерациясының Волгоград қаласында өткен 8-ші «Вечный огонь» халықаралық телефестивалінде «Қазақстан Орал» телеарнасының «Соғыс жаңғырығы» деректі фильмі (түсіру тобы: Жидегүл Аманғали,Тарас Қажымов,Тұрар Разғалиев,Гүлзада Жұмаева) I- ші дәрежелі дипломмен марапатталды. Бұл телеарнаның халықаралық байқаулардағы тырнақалды жеңісі.

«Соғыс жаңғырығы» деректі фильмінің авторлары Қазақстан журналистер Одағының дипломымен марапатталды.
«Қазақстан Орал» телеарнасының журналистері Саратов қаласында өткен Бүкілресейлік «Мир право» телевизиялық байқауына қатысты. Редактор Гүлден Сапиолла («Ұрланған балалық» деректі фильмі) мен  редактор Алмагүл Жампейісова («Где родился,там и пригодился» телесюжеті) өз аталымдарында арнайы дипломдарға ие болды. Редактор Даля Насиповаға арнайы сертификат тапсырылды.

Телеарнаның шеф-редакторы Лұқпан Елеу «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды

Телеарнаның редакторы Мұнайдар Балмулдин Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерекелік медальге ие болды.

Қазақ хандығының 550 жылдығына телеарна «Аққұмнан шыққан ақберен» (авторы Мұнайдар Балмулдин) тарихи деректі  фильм түсірді.
 

 

 

           

Телеарна туралы

Біздің ұжым

Бос орындар

Байланыс

«Қазақстан-Орал» телеарнасының ресми сайты

090000, Орал қаласы, Н.Сыдықов көшесі, 1-үй (телевизия) Байланыс телефондары: 8 (7112) 514151