ШҰҒЫЛ! "АҢЫЗ БОЛҒАН АБЫСЫНДАР" Толығырақ

АМАНЖОЛ ЗИНУЛЛИН ӨМІРДЕН ӨТТІ

73 жасқа қараған шағында қоғам қайраткері, саясаткер Аманжол Зинуллин өмірден өтті. Ол 1949 жылы 19 тамызда қазіргі Атырау облысы, Құрманғазы ауданында дүниеге келген. Мектеп бітіргеннен кейін Батыс Қазақстан ауыл шаруашылық институтында оқыды. 1971-1979 жылдар аралығында «Чапаев» асыл тұқымды мал зауытында зоотехник-селекционер, бас зоотехник, «Талдықұдық» кеңшарының директоры болды.  1979-1981 жылдар аралығында Бүкілодақтық ірі қара мал шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, 1981-1983 жылдары «Аңқаты» асыл тұқымды мал зауытының бас зоотехнигі қызметтерін атқарды. 1992 жылдан 2011 жылға дейін түрлі мекеме, зауыттардың басшысы, Орал қаласы әкімінің орынбасары, БҚО әкімінің кеңесшісі лауазымдарында еңбек етті.  1983-1992 жылдары Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының аға оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі, деканы болса, 2011 жылы Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-ға қайта оралып «Биотехнология, мал шаруашылығы, балық шаруашылығы» кафедрасының доценті ретінде қызметін жалғастырды. Оның 40-тан астам ғылыми еңбегі жарық көрді. Орал қалалық және Батыс Қазақстан облыстық мәслихаттарының депутаты болды. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Ол БҚО ҚХА жанындағы «Еділ-Жайық» қазақтар қауымдастығына жетекшілік етті. Сөйтіп ұлтымыздың тілі мен мәдениетінің, салт-дәстүрінің жаңа сипатта дамуына, тарихи-рухани мұраларымызды жаңғыртуға, этносаралық достықтың нығаюына көп тер төкті. Ресейдің көршілес облыстарымен, ондағы қандастарымызбен арадағы байланыстың жаңа арнаға түсуіне септігін тигізді. Аманжол Зейноллаұлының елге сіңірген еңбегі еленіп, ол «Құрмет» ордені мен 3 медальді өңіріне тақты және өзге де  марапаттарға ие болды. Өңіріміздің әдеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани тұрғыдан дамуына үлесін қосқан үлкен жүректі азамат Аманжол Зинуллиннің жарқын бейнесі батысқазақстандықтардың жүрегінде ұзақ уақыт сақталары анық. Қазаға орай оның отбасына қайғыра көңіл айтамыз, марқұмның иманы жолдас, топырағы торқа, жатқан жері жарық болсын, делінген облыс әкімі Ғали Есқалиев, облыстық мәслихат депутаттары, облыстық ардагерлер кеңесі, облыстық ҚХА мен басқарма басшылары қол қойған қазанамада.
#qaztrk #qaztrkaimaq #qazaqstan #aqjaiyq #aqjaiyqtv #ақжайық #ақжайықтв #бқо